«Кемтар» қалыңдық
#GA_makala
Имам Ағзам Әбу Ханифаның әкесі Сәбит жас кезінде өзеннің жағасында дәрет алып жатып, суда ағып келе жатқан алманы көреді. Қызығып кетіп алманы алып бір тістегені сол еді, түкірігіне қан араласқанын көріп ойланып тұрып қалады. Ешкімнің ала жібін аттап көрмеген тақуа жігіт: «Бұл, сірә, кісі дүниесін рұқсатсыз аузына салғаным үшін болса керек», – деп, қатты өкінеді. Ақырында алма иесін тауып, кешірім сұрауды жөн көреді. Осы оймен өзен бойын өрлеп жүріп келе жатып, бір алма бағын кезіктіреді. Жас Сәбит бақша иесіне барып мән-жайды айтып кешірім сұрайды. Қожайыны ол үшін өзіне үш жыл тегін жұмыс істеуін бұйырады. Сәбит амалсыз келіседі. Уақыты біткенде, қожайын тағы бір шарты барын білдіріп: «Бір қызым бар. Өзі соқыр, өзі саңырау, қолы шолақ, аяғы ақсақ. Осы қызымды ал», – дейді. Сәбит бұған да көнеді.
Той күні келеді. Сәбит «кемтар» қалыңдығын күтіп отырады. Кенет ішке ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу қыз кіріп келеді. Сәбит түкке түсінбей қыздың әкесіне қарайды. Сонда қыздың әкесі:
– Мен қызымды иманды, адал жігітке бергім келген еді, бірақ ешкімді оған лайық көрмедім. Сөйтіп жүргенде сен жолықтың. Мен сенің адалдығыңды сынағым келді. Қызымды кемтар етіп сипаттаған себебім, қызым осы жасқа дейін жаман сөз естіген емес, сол үшін «саңырау» дедім, «соқыр» деп харамға қарамағандығын айттым. «Қолы шолақ» деген себебім, арам ұстатпай тәрбиелегенім. Аяғы ақсақ дедім, өйткені ол туғалы нашар орындарға аттап басқан емес, – деп түсіндіреді.
Міне, Имам Ағзам осындай әке мен шешеден туған екен.